19 тамыз 2016 ж Облыстағы жер қатынастары мәселелері туралы

2017-06-19 09:43:00

А Т Ы Р А У   О Б Л Ы С Т Ы Қ  Қ О Ғ А М Д Ы Қ  К Е Ң Е С І

 

19 тамыз 2016 ж.                                                            Атырау қаласы

 

Облыстағы жер қатынастары мәселелері туралы

 

Атырау облысы Жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасы, Атырау облысы Жер қатынастары басқармасы және Атырау облысы «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» филиалы  басшыларының  (Ғ.Сүлейменов, А.Баженов, Қ.Теміров)  «Облыстағы жер қатынастары мәселелері туралы» хабарламаларын тындап, Кеңес отырысы  күн тәртібіндегі маңызды тақырып бойынша, облыс көлемінде біршама шаралардың іске асқанын атайды.

Алайда, Қазақстан Республикасы Жер кодексі айқындаған заңдылықтардың орындалуында көптеген кемшіліктер орын алуда. Атап айтқанда,өңірдің жер қатынастарын реттейтін негізгі құжаттары; елді мекендер мен қаланың  бас жоспарлары,жер шекараларын,қала маңы аймақтарын белгілеу жұмыстары жоспарлы жүргізілмей отыр. Осы жылғы алты айдың ішінде 345 заң бұзушылық анықталып,нәтижесінде 52 жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік іс қозғалған.

Сондай-ақ, мемлекеттік жерге меншік құқығын бұзу ,яғни өз бетімен басып алу,жерді тиімсіз пайдалану фактілерін «Сичим С.П.А.Казахстан», «Консорциум  Іскер» ЖШС жіберсе, Жылыой ауданындағы Консолидейтед Контрактинг Инженеринг Прокъюрмен С.А.Л. компаниясы Теңіз кенішінен 0,17 га жер учаскесіне заңсыз түрде электр желісін тартып алғаны тіркелген. Жер кодексінің 92 бабын бұзған 21 кәсіпкерлік, 1 ауыл шаруашылық мақсаттағы  фактілері анықталған және 150 және 20 га аз.Бекеновке берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне  Құрманғазы ауданынан, «Корпорация Бастау» ЖШС 15,6 га кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелеріне нысаналы мақсатына сай игерілмеуіне сәйкес мәжбүрлі түрде мемлекетке қайтару үшін талап арыздар сот органдарының қарауына жолданған.

Мемлекеттік топографиялық  нақтылау, карталарды дер кезінде жүргізбеу және жаңартпау, істелген жұмыстың   мазмұнын толық ашпайды. Осыған байланысты жерді бағалау, сату, сатып алу, жалға беру, салық салу т.б. жер-құқтық мәселелерін шешуге кедергілер келтіруде. Бұл мәселенің басты себептері, жерге орыналастыру жұмыстарымен  айналысатын 20-дан астам мемлекеттік емес заңды  және жеке тұлғалар топографиялық, геодезиялық, картографиялық, топырақтық зерттеу, геоботаникалық картамен қамтамасыз етілмеген, жасақтаған жобаларының сапасы төмен, уәкілетті орган бекіткен талаптарға сай емес.

ҚР Жер туралы заңдылықтарында қаралған жерді тиімді пайдалану, қорғау, үйлестіру, жер мониторингтерін өткізу, ақпараттық жағын қамту, жерді пайдаланудың ғылыми негізделген жобаларын жасау, жерді жел мен су эрозиясынан қорғау жұмыстары заң талаптарына сай жүргізілмей келеді. Пайдаланбаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, тұрғын үй құрылысы үшін берілген жерлерді игеруде, ауыл шаруашылығы жерлеріне конкурстар және кәсіпкерлік мақсатта аукциондар өткізуде олқылықтар бар. Ағымдағы жылы тек қана Жылыой, Индер аудандарында, ал кәсіпкерлік мақсатта Исатай ауданы мен Атырау қаласында бір-бірден аукцион өткізілген.

Жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін беру, әсіресе Атырау қаласында күрделі мәселеге айналған. 2016 жылдың 1 маусымында облыс бойынша  кезектегілер саны 81551 адамды құрайды, оның 73000  Атырау қаласының тұрғындары. Осы мерзім ішінде жер телімі тек қана 641 адамға бөлінген, оның ішінде 450-і  Атырау қаласының тұрғындары.

Жер заңдылықтарын орындалу барысын зерделегенде  қала, аудандар аумақтарындағы жер телімдерін бөлу әкімдердің тікелей құзырларына берілгенін ескерсек, қала, аудан әкімдіктері бұл мәселені күнделікті назарда ұстамай келеді.

Аталған кемшіліктердің туындауы негізінен бақылаудың әлсіздігінен, жауапты тұлғалар тарапынан өз істеріне деген жоғары талапты орындамау себептерінен.

                                                                                                                                                     Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің   ҚАРАРЫ:

1. Атырау облысы Жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы /Ғ.Сүлейменов/, Атырау облысы Жер қатынастары басқармасы /А.Баженов/, Жер кадастры ғылыми- өндірістік  орталығы Атырау филиалы  /Қ.Теміров/ жерді қорғау және ұтымды, нысаналы пайдалану,  ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің басымдылығын сақтау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жерге залал келтірмеу және оның зардаптарын жою, жерді ақылы пайдалану т.б. Жер туралы заңдылықтардың басты принциптерін қатаң сақтау;

2.Облыстық қоғамдық кеңесі отырысында анықталған Жер қатынастары мәселері жөніндегі кемшіліктерді шұғыл түрде жоюға және алынған шаралар жөніндегі хабарламаны, аталған облыстық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктері 01 қараша 2016 жылы кеңес хатшылығына тапсырылу ұсынылады.

 

Кеңес төрағасы                                                                    М.С.Өтешов