Қоғамдық кеңесінің 2016 жылғы қызметінің есебі

2017-03-18 05:45:00

Атырау облысының Қоғамдық кеңесі туралы

 

Қазақстан Республикасы­ның Президенті Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына орай 2015 жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданды.

Атырау облысында 2016 жылғы 17 ақпанда Атырау облыстық Қоғамдық кеңесі құрылды. Құрамы 21 мүшеден тұратын болып белгіленді. Оның ішінде 14 мүше конкурстық негізде сайланса, қалған 7 кандидат мемлекеттік органдардан ұсынылды.

Қоғамдық кеңес құрамы саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, жастар және мемлекеттік органдар өкілдерінен тұрады.

Кеңес мүшелері жас бойынша: 25-35 жас аралығында 3 мүше, 35-45 жас 3 мүше, 45-55 жас 8 мүше, 55 жастан жоғары 7 мүше.

Атырау облысының Қоғамдық кеңесінің хаттамасына сәйкес, кеңес мүшелерінің қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін, 4 бағыт бойынша комиссия құрылып, комиссия төрағалары сайланды.

  • Экономика және бюджет мәселелері жөніндегі комиссия;
  • Әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия;
  • Экология, ауыл-шаруашылығы және индустриалды-инновациялық даму мәселелері жөніндегі комиссия;
  • Заңдылықты сақтау және құқықтық мәселелер жөніндегі комиссия.

Атырау облыстық қоғамдық кеңесі туралы ақпарат  «Kogamkenes-atyrau.kz» сайтында және «Атырау облыстық Қоғамдық кеңесі – Общественный совет Атырауской области» фейсбук парақшасында тұрақты түрде жаңартылып ұсынылады.

Бүгінгі күнге дейін Атырау облыстық Қоғамдық кеңесі жоспарлы түрде қызмет етіп келеді.

Қоғамдық кеңес қарауына мәселелерді дайындау барысында кеңес төрағасы, комиссия төрағалары мен мүшелері мәселеге қатысты нысандарда болып қалыптасқан ахуалмен танысып, тұрғындардың пікірін жинақтап, кеңес отырысында жариялайды.

2016 жылы Қоғамдық кеңесте төмендегі мәселелер қаралды.

19 ақпандағы отырысында облыс әкімі Б.Ізмұхамбетовтің Қоғамдық кеңес алдындағы есебі тыңдалды.

15-20 сәуір аралығында 2016-2018 жылдарға арналған облыстық және қалалық, аудандық бюджеттерді нақтылау жобалары қаралды.

19 мамырда қоғамдық резонанс тудырған мәселе – жер кодексінің жаңа нормаларын түсіндіру мақсатында, Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. (Өздеріңізге белгілі, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.)

26 мамырда облыстық Білім беру басқармасы, қалалық, аудандық  білім бөлімдері басшыларымен бірге Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық шаралары бойынша мәселе қаралса,   1 маусымда денсаулық сақтау жүйесінің жәй-күйі, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, фармацевтикалық қызмет көрсету туралы тиісті мемлекеттік органдар басшылары мен салалық емдеу мекемелерінің басшылары тыңдалды. Бұл мәселелер бойынша, кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде қарар дайындалып, орындалуы бақылауға алынды.

14 маусымда ірі өндіріс, кәсіпорын басшылары мен  аудан әкімдерінің қатынасуымен  өткен мәжілісте облыс көлеміндегі қалдықтар полигондары және өндірістік қалдықтарды, сарқынды суларды залалсыздандыру жұмыстары туралы мәселе қаралды. Мәжіліс барысында анықталған кемшіліктер мен шешілуі күрделі мәселелер бойынша облыс әкімі Н.Ноғаевқа хат жолданды.

Осының нәтижесінде облыс әкімінің төрағалығымен кеңейтілген отырыс өтіп, тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселесіне қатысты құрылымдарға тапсырма берілді.

Бүгінгі күнде Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен орындалуы жөнінде жылдық қортындысы жинақталуда.

19 тамызда облыстағы жер құқық қатынастары туралы мәселе қаралды. Кеңейтілген мәжілісте қоғамдық кеңестің мониторинг, талдау, зерттеу тобының дайындаған анықтамасы тыңдалып, онда көрсетілген заң бұзушылықтарға қатынасты басқарма, кәсіпорын басшылары  тыңдалды.

25 қазанда облыстық Қоғамдық кеңестің мәжілісі болып, онда «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау туралы» шешімнің жобасы қаралды. Қоғамдық кеңес мүшелері мәселені жан-жақты талқылап, 2016 жылдың қортындысымен жоспарланған қаржыны игермеген басқарма басшыларына шара алу жөнінде облыстық мәслихаттың сессиясына ұсыныс жасалды.

3 қарашада «Су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу және қорғау жұмыстары туралы» Қоғамдық кеңестің кеңейтілген  мәжілісі өтті. Мәжіліске облыс әкімі Н.А.Ноғаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты С.Қ.Еңсегенов, мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, және аудандық Қоғамдық кеңес төрағалары мен әкімдері қатысты.

Осы мәжілісте тек су пайдалану ғана емес, атмосфералық ауа сапасы, ластаушы заттарды шығаруды азайту, әкімдік пен табиғат пайдаланушы кәсіпорындар арасында мемарандум жасақтау мәселелері де қаралды. Қаралған мәселелер бойынша Қоғамдық кеңес орын алған кемшіліктерді жоюға бағытталған қарар қабылдады.

Осы қарардың негізінде, облыс әкімімен бекітілген іс-шаралар жоспары жасақталып, берілген ұсынымдарды орындау мерзімдері белгіленді.

 

Сонымен бірге, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты 160 нормативтік-құқықтық актілерінің жобалары қаралып, ұсынымдар берілді.

2016 жылғы 15 тамызда Атырау Өңірлік коммуникациялар қызметінде  Атырау облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы БАҚ өкілдерімен баспасөз брифингін өткізді.

Онда кеңестің жыл басынан бері атқарған жұмыстарының есебі және қоғамдағы рөлі туралы баяндама жасалды. Атқарылған жұмыстар туралы жергілікті  «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттеріне, жергілікті теледидарда, Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің сайтына және фейсбук парақшасында жарияланды. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстары туралы хабарлама Қазақ радиосының эфиріне шықты.

Мамыр-маусым айларында қоғамдық кеңестің жұмысымен ҚР Парламентінің депутаттары Н.Әбдіров, А.Бектұрғанов, Б.Мамыраев, Б.Хаменовалар танысып, оң бағаларын берді.

Қоғамдық кеңестің құрылымдық бөлігі, кеңес комиссиялары да бірқатар жұмыстар атқарды.

Жоғарыда аталған нормативтік-құқықтық актілерінің жобалары бірінші кезекте, осы комиссияларда қаралады. Тиісті комиссияның қортындысы негізінде Қоғамдық кеңесте қаралып ұсынымдар беріледі.

Қоғамдық кеңестің экология, ауыл шаруашылығы және индустриалды-инновациялық даму мәселелері жөніндегі комиссиясында «Махамбет ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және сату» туралы, ауылшаруашылығы бағытындағы субсидиялау мәселелері қаралды. Мәжіліске комиссия мүшелері мен жауапты сала мамандары қатынасып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша орын алған келеңсіздіктерді түзету мақсатында ұсыныстар беріліп, қарар қабылданды.

Комиссия мүшелері жаз-күз мезгілдерінде жергілікті көкөніс, бақша өнімдері бағасының негізсіз өсуін болдырмауға және маса мен басқа да жәндіктерге қарсы дезинсекциялық жұмыстардың жүргізілуіне бақылау жасалды.

Қоғамдық кеңестің Экономика және бюджет мәселелері жөніндегі комиссиясында облыстық бюджетті төрт рет нақтылау жобалары қаралды.

Қаралған жобалардың барлығы Қоғамдық кеңес ұсынымын алып, тиісті мәслихаттың шешімімен бекітілді.

 

Қоғамдық кеңес мүшелерінің біліктілігін, әлеуетін күшейту бағыттарында да жүйелі жұмыстар жүргізілді.

2016 жылғы маусымда күні облыстық Қоғамдық кеңес пен «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жергілікті қоғамдық кеңестердің ықпалдасу, кеңес мүшелерінің білімін арттыру мақсатында облыстық, қалалық қоғамдық кеңестердің толық құрамына және аудандық кеңестер төрағалары мен хатшыларына түсініктеме семинар өткізілді.

2016 жылғы қазанда күні облыстық, қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, облыстық мәслихат тұрақты комиссия төрағаларының қатысуымен «Қоғамның дамуында әлеуметтік коммуникациялардың рөлі және қоғамдық кеңестің қызметін медиа жоспарлау» тақырыбында, қараша айында «Қоғамдық кеңес қызметіндегі қоршаған ортаны қорғау және экология мәселесінің орны» атты қоғамдық кеңес мүшелерінің және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен семинарлар өтті.

Семинарда экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғамды араластыру жөнінде қоғамдық кеңес мүшелеріне кеңестер берілді.

Қоғамдық кеңес төрағасы М.Өтешовтың азаматтарды жеке қабылдауы ағымдағы жылдың қазан айынан басталды. Жеке қабылдау туралы жергілікті баспасөз беттерінде жарияланып, қабылдауға жазылған азаматша А.Мұхамбетованың сауалына тиісті органдарды қатынастыра отырып, тұжырымды жауап берілді.

Есепті мерзім ішінде облыстық Қоғамдық кеңес төрағасының атына тұрғындардан 10 шағым-арыз түсті.

Қаладағы санитарлық тазалық, қалаішілік жол қатынастары, спорттық шаралар жөнінде қойылған шағым-арыздар, кеңес отырыстарында тиісті басқармаларға жолданып, қортынды жауабы берілді.

 

Қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен «Жер-ұлтымыздың ұлы байлығы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Тамыз айында облыстық  баспасөз арқылы  ғылыми-практикалық конференция жарияланып, конкурсқа түскен құжаттарды іріктеу комиссиясы құрылды. Конкурс ағымдағы жылдың 23 желтоқсанында облыс әкімі Ә.И.Нәутиевтың, облыстық басқарма басшыларының, кәсіподақ, партия өкілдерінің қатынасуымен қортындыланып, 12 жеңімпаз  алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жалпы 2016 жыл, Қоғамдық кеңестердің қалыптасу жылы болды. Қазір құрылғанына 1 жыл толған Қоғамдық кеңестер қоғамда өзіндік орыны бар, қызметі мен бағыты толық қалыптасқан жүйе.

Биылғы жылдың басында, облыстық Қоғамдық кеңес жұмыс жоспарын бекітті. Жоспар облыстағы әлеуметтік мәселелерді толық қамтиды. Сонымен бірге, азаматтарды қабылдау, арыз-шағымдармен жұмыс әрі қарай жалғасын табады. Өткен жылда қаралған мәселелер бойынша қабылданған қарарлардың орындалу да бақылауда ұсталатын болады.